АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ
(1845-1904)

Абайдың өмірбаяны image
​​​​Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (10 тамыз 1845 жыл – 6 шілде 1904 жыл) — ұстаз, ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, сазгер, аудармашы, саяси қайраткер, либералды көзқарасын исламға дініне таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.
Абай Шығыс пен Батыс мәдениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» – тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.
Абай Құнанбаев 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыс тауында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты Ибраһим екен.
Абай ислам дінінің қағидаларын барынша құрметтейтін діни отбасында өсіп, тәрбие алды. Оның әкесі Құнанбай қажы тобықты руының өте ықпалды, орыс тілін жақсы білген биі болды. Орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдерімен қарым-қатынас жасап тұрды. Ол шыққан тегі сұлтан әулетінен болмаса да Қарқаралы округында алғашқы аға сұлтандардың бірі болып сайланды. Ғұмырының аяқ кезінде Меккеге қажылыққа барып қайтты. Меккеде Құнанбай қажы салдырған Тәбия қонақүйі әлі бар. Қажылықтан қайтып оралған Кұнанбай Бұл дүниелік істерден біржола қол үзеді. Ақынның бабасы Өскенбай Қазақстанның Солтүстік-шығыс аймағындағы әділетті де ықпалды қазақ билерінің бірі болатын. Оның қалдырған данышпандық сөздері мен ғибаратты өсиеттері аз емес. Биге қазақтардың алыс жатқан руларының адамдары да шағым айта келіп, жүгінетін. Абайдың арғы атасы Ырғызбай да атақты би әрі батыр болған.
Абай әуелі ауыл молдасынан сауат ашып, содан кейін Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқып білім алады. Ол жас кезінен кітапқа құмар болды, араб-парсы және көне түркі әдебиетінің үлгілерімен танысты. Абай қазақтардың дәстүрлі әдет-ғұрып заңы мен ислам дінінің қағидаларын терең меңгерді. Онымен білім жарыстырудан молдалардың өздері қауіптенетін. Абай халық ауыз әдебиетінің үлгілерін өте жақсы білді. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде-ақ өзінің алғашқы өлеңдерін жаза бастады.
Әкесі Құнанбай Абайды тобықты руының болашақ билеушісі ету мақсатымен оқудан ауылға кері қайтарып алады. Мұнда ол халықтың қалың ортасына түседі. Билер, ақындар, сазгер-әншілермен, сондай-ақ даланың данышпан ойшылдарымен жиі-жиі бірге болып, араласып тұрады. Ақынның жастық шағы патша үкіметінің Қазақстанның оңтүстігіне қарай әскери күшпен ентелеп ене бастаған кезімен тұспа-тұс келді. Ол патша үкіметінің округтық приказдардағы жағдайының барған сайын нығая түскенін, XIX ғасырдың 60—90-жылдарындағы әкімшілік реформаларының енгізілгенін өз көзімен көрді. Ол аз уақыт болыс болған кезінде қай істі болса да әділ және адал шешуге талпынды. Сол үшін қатардағы қарапайым халықтың терең сый-құрметіне бөленді. Бірақ қоғамның күрделі проблемаларын мұндай қарапайым тәсілмен шешуге болмайтынына бірте-бірте кәміл көз жеткізе бастайды. Сондықтан да ол қазақтардың білім мен ғылым алуын белсене жақтаушыға айналады.

ОН ЕКІНШІ СӨЗІ

Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі - иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші - үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уа-ләкин, кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән кәмәләт табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүрген көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды. Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды.

ОН ТӨРТІНШІ СӨЗІ

Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені - батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, езіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар - жүрек ісі. Асықтық та - жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптен атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау - ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры - әншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз.

ОН БЕСІНШІ СӨЗІ

Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім. Әуелі - пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен. Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен дағы, күнінде өкінгені пайда болмай-ды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен.

ЖИЫРМА СЕГІЗІНШІ СӨЗІ

Ей, мұсылмандар! Біреу бай болса, біреу кедей болса, біреу ауру, біреу сау болса, біреу есті, біреу есер болса, біреудің көңілі жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі жаманшылыққа мейілді - бұлар неліктен десе біреу, сіздер айтасыздар: құдай тағаланың жаратуынан яки бұйрығынша болған іс деп. Жә, олай болса, біз құдай тағаланы айыбы жоқ, міні жоқ, өзі әділ деп иман келтіріп едік. Енді құдай тағала бір антұрғанға еңбексіз мал береді екен. Бір құдайдан тілеп, адал еңбек қылып, пайда іздеген кісінің еңбегін жандырмай, қатын-баласын жөндеп асырарлық та қылмай, кедей қылады екен. Ешкімге залалсыз бір момынды ауру қылып, қор қылады екен. Қайда бір ұры, залымның денін сау қылады екен. Әке-шешесі бір екі баланың бірін есті, бірін есер қылады екен. Тамам жұртқа бұзық болма, түзік бол деп жарлық шашып, жол салады екен.

ОТЫЗ ЕКІНШІ СӨЗІ

Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас. Әуелі - білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек. Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең және әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады. Сол рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады. Егер дін көңілің өзге нәрседе болса, білім-ғылымды бір-ақ соған себеп қана қылмақ үшін үйренсең, ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешеңнің мейірімі секілді болады. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды.

ОТЫЗ ҮШІНШІ СӨЗІ

Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі - қазақтың әулиесі сол. Бірақ құдай тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтардың кеселдері болады. Әуелі — бұл ісімді ол ісімнен асырайын деп, артық ісмерлер іздеп жүріп, көріп, біраз істес болып, өнер арттырайын деп, түзден өнер іздемейді. Осы қолындағы аз-мұзына мақтанып, осы да болады деп, баяғы қазақтың талапсыздығына тартып, жатып алады. Екінші - ерінбей істей беру керек қой. Бір-екі қара тапса, малға бөге қалған кісімсіп, «маған мал жоқ па?» дегендей қылып, еріншектік, салдау-салғырттыққа, кербездікке салынады. Үшінші - «дарқансың ғой, өнерлісің ғой, шырағым», немесе «ағеке, нең кетеді, осы ғанамды істеп бер!» дегенде «маған да біреу жалынарлыққа жеткен екенмін» деп мақтанып кетіп, пайдасыз алдауға, қу тілге алданып, өзінің уақытын өткізеді. Және анаған дүниенің қызығы алдауды білген дегізіп, көңілін де мақтандырып кетеді.

ҚЫРЫҚЫНШЫ СӨЗІ

Зинһар, сендерден бір сұрайын деп жүрген ісім бар. Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай? Қайраты қайтқан шал мен жастың бәрі бітім қылады, шалдар өзді-өзі көп құрбыдан айрылып азайып отырса да, біріменен бірінің бітім қылмайтұғыны қалай? Бір елдің ішінде жамағайынды кісі бірге туғандай көріп, іші елжіреп жақсы көріп тұрып, елге келсе, әрі-беріден соң қайта қашқандай қылатұғыны қалай? Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да танымайтұғыны қалай? Бір жолаушы алыс жерге барса, барған еліне өз елін мақтаймын деп өтірікті сыбап-сыбап, қайтып келген соң сол барған, көрген елін, жерін мақтап, өтірікті сыбайтұғыны қалай? Қай қазақты көрсем де, баласы жасырақ болса, оның басынан пәрмене болып жүріп, ержеткен соң суық тартатұғыны қалай?

ҚЫРЫҚ ЕКІНШІ СӨЗІ

Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі - жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма? Малдылар малын өңкей малшыларға, бала-шағаға тапсырып, қолдағы құдай берген азды-көпті дәулеті қызықсыз көрініп, оның ұры-бөріге жем болып, қарға-жарға ұшырауына шыдайды. Пыш-пыш кеңестен қалып, бір ауылға барып, қулық, сұмдық жасап жүріп, тегін тамақ жеп, ыржыңдасуды қысыратуға шыдамайды. Не үшін десең, халыққа әдет жол болған соң, шаруаға пысық, мал бағуға, мал табуға пысық ол өнерлі кісіге қосылмайды, я өзі пәле шығаруға пысық, я сондайлардың сөзін «естігенім», «білгенім» деп елге жайып жүріп, ырбаңдауға пысық өнерлілерге қосылғандай көрінеді.

ҚЫРЫҚ ҮШІНШІ СӨЗІ

Адам ұғылы екі нәрседен: бірі - тән, бірі - жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили, қайсысы кәсиби - оны білмек керек. Ішсем, жесем демектің басы - жибили, ұйықтамақ та соған ұқсайды. Аз ба, көп пе, білсем екен, көрсем екен деген арзу, бұлардың да басы - жибили. Ақыл, ғылым - бұлар - кәсиби. Көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретіменен көңілге түседі. Ол көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен өткен соң, оларды жайғастырып көңілде суреттемек. Ол - жанның жибили қуаты дүр. Бір ұмытпастық жақсы нәрседен көңілге жақсы әсер хасил болып, жаман нәрседен көңілге жаман әсер хасил болу секілді нәрселер. Бұл қуаттар әуелде кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтады. Ескерусіз қалса, ол қуаттың қайсысы болса да жоғалады, тіпті жоғалмаса да, аз-мәз нәрсе болмаса, үлкен ешнәрсеге жарамайтын болады.

ҚЫРЫҚ БЕСІНШІ СӨЗІ

Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі - неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғадаләт, махаббат құдайға лайықты дегендігі. Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғадаләтке қарай тартпақпыз, сол алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. Инандым, сендім демек инандырамын, сендіремін деген емес. Адамшылықтың алды - махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол - жаратқан тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат пен сезім бар. Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі - ғалым, сол - ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп.

Оқушылар үшін тапсырмалар image
Абай қарасөздерінен тапсырмалар
https://quizizz.com/join/quiz/63f2e3700d53d6001d2e86f0/start?studentShare=true 
10 сұрақтан тұратын әр түрлі үлгідегі тапсырмаларды орындау. Бұл тапсырмалар https://quizizz.com/ платформасында дайындалған.

  • Карагандинская область, Kazakhstan

ДАННЫЙ САЙТ БЫЛ СОЗДАН, ИСПОЛЬЗУЯ